uzluga.ru
добавить свой файл
1
1943 жылғы жаз. Августың орта шені. Қайғы-қа-сірет сұрапылын түтеткен неміс фашистерінің беті қайта бастаған кез.

Қараөткел даласы, Ақмола қаласы бір күні абыр-сабыр. Жұрт аузында: – батырымыз келеді... Бәрі-бәрінің жүзінде қуаныш, жедел әзірлік. Қаланың орталық алаңы. Оған су шашылып сыпырылып жатыр, жазылған ұрандар, бақ ішіне киіз үйлер де тігіліп жатыр.

Түс әлетінде кең алаң лық толды. Астық тиелген шұбалған қызыл керуендер. Лек-лек адамдар тобы. Бәрінің көтергені қызыл жалау, ұран жазылған плакаттар: Бәрі де жеңіс үшін! Бәрі совет жауынгерлерінің, оның батырының құрметіне арналған жиын-ға келген.

– Келетін қазақтан шыққан тұңғыш батыр дейді ғой.

– Осының тек қазақ қана емес, советтік шығыстан шыққан ең алғашқы батыр болып жүрмесін – топ ішінен дабырлап тұрғандардың осындай да қысыр кеңесі болатын.

– Келе жатыр, келе жатыр... дауыстар, тықыршып кимелеген жұрт.

Байсалды жүрген бір топ адам, мінбе алдына кідірді, өзара сөйлесіп. Топтың алдында үстінде ақшыл сұр кителі, басында фуражкасы бар, сымбатты, сұңғақ бойлы, ақ құба, сүйкімді жүзді жас жігіт. Қатарында жазушы Мұқан Иманжанов, мінбеге ілесе көтерілгендер облыстың екі-үш басшысы, колхоз председателі Петр Игнатов, композитор-әнші, қарт ана Мә-риям Жагорқызы, атақты колхозшы Піспекбай Елемесов.

Мінбе алдына зор денелі Амандық бәйбіше келді. Қолында ақ кесеге толы ақ күміс. Уыстап оңды-солды шаша бастады ол.

– Күмістей таза, жар-қын болсын жүзің, батырым, – Қарт ана батырды бауырына басып, маңдайынан сүйді: – Біздің азаматтардың мерейлері үстем, жаулары табандарында болсын! Жеңіс тойында кездесейік!

Мінбеге ақ нан алып шыққан қарт большевик Аким Кременской батыр жігітті құшақтап сүйді де: – Мынау еліңнің наны – тілегі, сенімі, – деп қария көзіне жас алды, – көп сөзді қайтем, тілегім – жеңіс!..

Сары табақ толы ет, үстінде жатқан бағланның басы, мінбеге көтеріп шыққан Қараөткелдің ақсақалы Тәш Бейсенбаев:

– Меймандос, мол қол, жомарт еліңнің ата дәстүрі – Сарыарқа дәмі, қарағым!.. Кіршіксіз таза ниет, барды жеңістен аямау белгісі бұл, – ақсақал жүзін батырдың бауырына басып тұрып, – мұнымыз совет жауынгерлеріне көрсеткен құрметіміз, берген сертіміз. Балам майданда қаза тапты. Өкінбеймін. Көзім жетеді, жеңеміз!.. Коммунист партиясының көрсеткен жолынан аумаймыз. Жеңіс-ке жетудің кепілі, сол тура жол!..

Оқтаудай болып жараған, күміс ертоқыммен ерттелген құндыз жүнді қара атты жетелеп, мінбе алдына келген шоқша сақалды қызыл жүзді, орта жастан асып қалған адам, ентелеп келіп, ат үстінен сөйледі көтеріле:

– Батыр! – деді дауыстай сөйлеп. – Бұл соғысқа лайық сауыт-сайман, қару-жарағыңа жетерлік қаржыны өткен қыста бергенмін. Мынау атың (қара атты мінбенің діңгегіне байлап жатып). Фашист жауларды мұқатып жатқан жауынгерлерімізге тағы да бір керуен астық, бір керуен балық, ет, май әкеліп тұрмыз, қабыл ет! Бізде тілек біреу ғана–жеңіс! Салт атты адам мінбе алдынан әрірек жылжыды.

Бұл Қараөткелдің белгілі патриоттарының бірі, колхозшы Әкімжан Назаров еді. Ол өткен қыста Қызыл Армияның танк жасау қорына өзінің жинаған-терген меншігінен 110 мың сом ақша беріп, совет үкіметі атынан мемлекеттік қорғаныс комитетінің председателінен алғыс алған адам.

Сол батыр Мәлік Ғабдуллин еді. Күллі ғаламды отпен шарпып, қанға бөктірген, майданда жүрген ұлы армияның өкілі–батыр алдында жеңіске қосар үлесінің белгісін әркім хал-қадірінше көрсетіп еді, сонда. Ал, мынау кексе журналист те қызмет етіп тұр. Батыр келер алдындағы хабарды жазды ол. Міне, осы жиында болған көріністердің бірде-бірін қаға беріс жібермей, қағаз бетіне түсіріп тұрған тағы да ол. Бірақ, мұнысын жетімсіз деп сезді өзі. Мұнысы атқаратын міндетті қызметі. Бұл өз бойында барын көрсетсін бүгін... Осы журналистіктің ұңғыл-шұңғылын түртпектеп-ақ келе жатқан адам бұл. Бірақ, өмірінде өлең жазып көрмеген байғұс. Несі бар... Үлкен қуаныш үстінде әнші-өлеңші болмаса да, думанға еліткен қара дүрсіндер де шырқап қоя беретіні болушы еді ғой. Мұндай ақ пейілдерді ешкім сөкпейтін. Сөйтіп, сол көне журналист республиканың тұңғыш батырына арнап, өлең жазған. Оның бұл өлеңі осы жиында оқылған, облыстық «Сталин туы» газетінде басылған. Содан бері де 44 жыл өтті. Сол батыр келгендегі жиында батырға арналған сол өлеңді жұртшылыққа тағы да бір рет көрсету артықшылық етпес деген ниет. Ол өлең мынау:


Ұлы соғыстың батыры


Күші бір, тілегі бір, ісі де бір,

Атынан ұлы халық айталық жыр.

Кезеңде шешілетін ел тағдыры,

Ортаға түгел түссін бойдағы сыр.

Жорыққа халық болып аттанғанда,

Жата алмас ешкімдер де үйінде құр.

Шабан жүйрік, шалағай берік болар,

Тебіренген ұлы тасқын асу ғой бұл.

Жүректің түкпірінде жатқан сөзді,

Ұлына жұрты сүйген айтады тіл.

Ел панасы ардақты азаматты,

Шіркін тіл, болсаң шебер енді айта біл!


* * *

Аузында тар кезеңнің, асуында,

Қанды жау басқа өрлеп басынуда.

Қабырғадан келген қан кешілгенде,

Майданға халық көзі тесілгенде,

Немістің қанға тоймас жендеттері,

Есіктен төрге қарай көсілгенде...

Жүрегім–ұлы ордам Москваны,

Сығалауы дұшпанның есіңде ме?

Кімде-кім алар деген қысылшаңда,

Жау тобырын жапырып өтер кезде.

Сан рет фашист обыр басқа ұмтылып,

Төніп кеп алам-ақ деп есіргенде...

Өліскен өмір үшін қан майданда,

Тағдыры Отанымның шешілгенде.

Ерлері елдің сонда көзге түсті,

Ер ұлдар да жата алмас бесігінде.

Қарттар да, әйелдер де, балалар да,

Отанның қорғауда боп кәсібінде.


* * *

Отанның буырқанған батырлары,

Қамалы жауды асырмас асқар тауы.

Нөсерлі өлім төккен баса көктей,

Ажалға, өлім бүрккен қарсы барды.

Көтерген Ленин туын–совет туын,

Өңкей ер жауды қуды, ойран салды.

Майданда ұмытылмас ерлік еткен,

Еске алсақ қабырғалы ер ұлдарды.

Еріксіз батыр Мәлік еске түседі,

Елімнің адал ұлы, арыстаны.

Біліммен қамал бұзған саналы ер,

Сөйлеп кетсе сөздері мыңнан да әлді.

Көзін аша Ленин деп ауызданған,

Соңынан ерте білген көп мыңдарды.

Тәртіпті, өнегелі һәм төзімді,

Жаудың да сыр-сыйпатын біліп алды.

Батыр Мәлік мінекей, ортамызда,

Халқына сәлем бере келіп қалды.

Жау қанын түршікпестен жалдап өткен,

Еріне еңбекші ел құшақ жайды.

Аңсаған, жылдап күткен ақ сұңқарын,

Халық ана мейірлене қарсы алды.


* * *

Зұлым жау жараланды, қансырады,

Бойында әлі де мол қырсық қалды.

Күресті қиян-кескі басымдатып,

Мертіккен жауды жаныштау міндет алды.

Парыз сол тыным алмай еңбек ету–

Ешкім де бұдан барын аямайды.

Жауды жеңу бірлігі, ел достығы,

Мәңгі берік, ешқашан мызғымайды!

14 август, 1943 жыл. Ақмола.

Бұл күндерде шүкіршілік, өлеңнің не қилы аңғарлы, сырлы, мазмұнды көркемдері көп. Күн құрғатпай жарияланып жатады. Мынау көненің көне өлеңі, өзінің дүниеге келген күнінен қалған белгісімен, сол күндердің сөзімен «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін» делінген күндерде «шабан жүйрік, шалағай берік» болған шақтың сөзімін деп көрінеді қазіргі қауымға. Сол қысылшаң күндердің бір естелігі деп есептейміз.

Жұмабай ОРМАНБАЕВ,

«Сталин туы» газетінің арнаулы тілшісі.